Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. 

15 ақпан - Кеңес әскерлерінің шектеулі контенгентінің аумағынан шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Елінен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған қылшылдаған жас жігіттің алдында не күтіп тұрғаны белгісіз еді. Сол кезде әскери борышын өтеп жатқан жастар да Ауғанстанда болып жатқан соғысқа тосқауыл жасау мақсатымен от пен оқтың қызған аймағында болып, қиын кезеңдерді бастан кешті. 


Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды.

15 ақпан - Ауған соғысы ардагерлері үшін естен кетпес ерекше күн. Дәл осы күні Кеңес әскерін Ауған жерінен қайтару туралы үкім шыққан еді. Отқа оранған ауыр 10 жылға созылған қанды қырғын осы күні тоқтаған болатын. 

Бүгінде ауданда 5 Ауған соғысының ардагерлері бар. Олар Сағатов Болат Сағынұлы, Мусиров Сырым Хамитұлы, Тоқпағанбетов Абай Қаленұлы, Сұлтанов Ермек Ешімұлы, Хитрук Виктор Филимонович. 

Жалпы аудан бойынша өткізілетін іс-шараларға интернационалист жауынгерлер белсене қатысып келеді. Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отан сүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі.