Көкжар жәрмеңкесіне XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Англияның, Ресей империясының көпестері көктемде және күзде тауарларын тасып, Ойыл даласында Үндістаннан, Ираннан, Түркиядан, Орта Азиядан келген керуендер жүрді.
Төрткүл дүние тоғысында, Еуропа мен Азия түйіскен жерінде, Ұлы Жібек жолының бел ортасында орналасқан Көкжар жәрмеңкесі тауар алмасу үшін өте ыңғайлы болды. Іргетасы 1860ж басында қаланған алғашқы сауда қатарлары әлі күнге қаз қалпында. Көкжар жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылдың күзінде ашылған. Ойылда көпес үйлері пайда болып, мешіт салынды.
Шара 8 қыркүйекте «Қазақстан сауда тарихында Көкжар жәрменкесінің алатын орны, саяси-жағырапиялық және стратегиялық маңызы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Оған ат салысқан ауданның құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, тарихшылар, этнографтар бұдан бұран жалпақ жұртқа таныс емес Көкжар жәрмеңкесі туралы тың деректерді паш етті.Сондай-ақ, Қазақстанның бес облысынан келген жыршылардың қатысуымен «Жол серігім – домбыра!» атты сайыс өткізіліп, «Мұхит» спектаклі қойылып, «Алтыбақан», «Ақсүйек» және өзге де ойын-сауықпен өтті.Ойыл аграрлық колледж территориясындағы павильондарда сауда қатарлары ашылып, көрші өңірлерден, сонымен қатар, облыстың барлық аудандарынан келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер 20 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін арзан бағамен ұсынды.
Жәрмеңке алаңында «Көкжардың жәрмеңкесі жаздай сайран» атты тетрландырылған шеру өтті. Оған сол заманның атмосферасын бере алған ағылшын, татар, өзбек, иран-парсы, орыс және сыған саудагерлерінің кейпіндегі 300-ден аса өнерпаздар қатысты. Сондай-ақ, сауда сөрелеріне жергілікті өнер шеберлерінің қолынан щыққан көркемдік-қолданбалы қолөнер бұымдары қойылып, Көкжар жәрмеңкесінің тарихи ерекшелігін бейнелейтін ағаштан, жүннен, теріден жасалған дүниелер көсетілді. Колледж базасында ауылшаруашылық саласы бойынша көрме өтті.


















